“ERNUR корпорациясы” ЖШС

Бүгiнде сапалы еңбек нәтижесiмен өз қадамдастарынан оқ бойы озық келе жатқан «ERNUR» Корпорациясы iргетасын 1994 жылы шағын ғана мекеме болып қалаған. Мекеме мақсатының айқын екенi оның алғашқы қадамын жасағаннан кейiн үш жылдың iшiнде-ақ қызметiн кеңейтiп, адымын аршындатып үлгергенiнен байқауға болатын едi.
Бастапқыда тек баспа өнiмдерiн тарату iсiмен айналысқан бұл мекеме 1997 жылы өзiнiң жеке редакциясының негiзiн қалады және баспа өнiмдерi мен кеңсе тауарларын сататын үш көтерме-бөлшектеп сату дүкенiн ашты. Көтерме-бөлшектеп сату жүйесiн қалыптастыра отырып, заман талабына сай келетiн дүңгiршектер санын өңiрiмiзде арттыра бастады. Бүгiнгi таңда Шымкент қаласының өзiнде газет-журналдарды бөлшектеп сату сауда желiсi бойынша заманауи үлгiдегi 35 дүңгiршек халыққа қызмет етуде. Мекеме бұл саланы ғана дамытып қоймады, сонымен қатар 2003 жылы жоғары сапалы түрлi-түстi газет өнiмiн басып шығаратын жаңа баспахананы iске қосты. Заманауи талаптарға сай келетiн баспахананың сапалы қызметiнiң арқасында өз бәсекелестерiнiң арасында алдыңғы орындардан көрiндi.

13 жылдың iшiнде iсiн iрiлеткен мекеме «ERNUR» Корпорациясы дәрежесiне көтерiлiп, бұл саланың ауқымын одан ары кеңейте түстi. Баспа iсiн дамытуда үш сала бойынша қызмет көрсете бастады. Корпорацияның еншiлес кәсiпорындары «ERNUR-press», «ERNUR-print» және сауда бөлiмшесi кластерлiк жүйеге көштi. Қанатын кеңге жайып, қызметiн осылай 3 құрылымға бөлу – кәсiпорынның жаңа талаптары мен iрi iс бастауының белгiсi деп бiлуге болады.